Abstract
Түркі тілдері - Қиыр Шығыстан Жерорта теңізіне дейінгі кең байтақ жерді алып жатырған, өзара туыстас халық тілі. Түркі тіл семьясына жататын тілдер ішінара грамматикалық, фонетикалық, лексикалық және синтаксистік құрылымы жағынан ұқсас болып келеді. Бұл жұмыста қазақ және түрік тілінің құрылымдық ұқсастықтарын талдай отыра, ортағасырлық еңбектер арқылы нақты дәлелдер келтірілетін болады. Ортағасырлық Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат-ит-түрк» еңбегіндегі сөздердің қазақ және түрік тіліне ортақтығы сөз етіледі. Сол уақыттардағы еңбектер араб тілінде жазылу себебі мен араб тілінің түрік және қазақ тілінде көрініс табатын лексикалық құрылымның ұқсастықтары көрсетіледі. 8-ғасырға тән «Күлтегін ескерткіші» Ғұбайдолла Айдаровтың зерттеунамасы негізінде бүкіл түркі дүниесіне ортақ ескерткіштің тілдік құбылыстарына кеңінен тоқтала отыра, қазіргі тілдік бірлікпен салыстырылады. «Орхон-Енисей» жазба ескерткіші түркі тілдес халықтардың ортақ ескерткіші ретіндегі маңызын көрсету арқылы, тарих қойнауына шолу жасалады. Синтаксистік құрылым бойынша қазақ және түрік тілдерінің орыс және ағылшын тілдерінен айырмашылығы көрсетіледі. Түркологияда түркітілдес халықтардың тілінің тарихи тамырын бір арнадан іздеу ежелден бар үрдіс. Осы үрдіс негізінде өткен мен бүгінді талдап, бір арнаға тоғыстыратын боламыз.